«Қыз – өмірдің қызғалдағы»
«Қыз – өмірдің қызғалдағы» атты «Ақ бота» мектепке даярлық тобының - 8 Наурыз Аналар мерекесіне арналған ертеңгілік сценарийі
2019 жыл
Жүргізуші: Құрметті қонақтар!Біз сіздерге «Қыз – өмірдің қызғалдағы» атты байқауды тарту етпекшіміз. Халқымызда «Қыз» деген сөздің өзі әдеміліктің,әдептіліктің,жан-жақты сұлулықтың символы ретінде қолданылады.Ауыз әдебиетінде:
Қыз емес қыздың аты қызыл алтын,
Көрінер толған айдай жүзі жарқын.
Үлкеннің алдын орап сөз сөйлемес,
Халқының сақтай білген ізгі салтын – деген өлең жолдары бар.
Бұл қыз баланы айрықша әдепті де көрікті болатынын аңғартады.Олай болса аруларымызды шақырмас бұрын әділқазылар алқасын тағайындайық.Әділқазылар алқасы қыздарымыздың бағдарламаның әрбір бөліміне қалай дайындалғанын анықтап,бағалап отырыңыздар.
Бай болсын қыздарымыз ізгілікке,
Жақсы дәстүр көп біздің ішімізде.
Қол соғып,қошеметпен шақырамыз,
Мың бұралған арулар сәлем береді көпшілікке.
Қошеметпен ортаға тобымыздың сүйікті де сұлу қыздары мен батыл да батыр жігіттерін шақырайық.
Балалар келіп өз орындарына тұрады.
Ардақты ана,аяулы ана,Қымбаттым,
Тәтті ұйқыңды бөліп талай,Үн қаттың.
Өміріме нәрін берді ақ сүтің,
Кең құшағың саясындай гүл бақтың – деп балаларымыздың аналарына арналған жыр жолдарына кезек берейік.
Тақпақтар:
- Ілияс:
Ана десем сезім билер тым ыстық,
Жарасады адамдарға туыстық.
Бар адамға берсе ананың мейірімін,
Орнар еді бар әлемде тыныштық.
- Марк
Ана десем алғыс алам халқымнан,
Ана десем теңіз болам шалқыған.
Ана десем ашылады қабағым,
Ана десем әділдікті ұғамын.
- Нурислам
Құрметтейік балалар аналарды
Бізді өмірге әкелген даналарды.
Себебі Ана деген асыл жан ғой,
Ойлауменен істелік әр қадамды.
- Мансур
Армысыздар,ару қыздар,абзал ана,
Анаға тең келетін бар ма дана?
Мерекең бүгінгі құтты болсын,
Қуанышпен құшақтарға гүлдер толсын.
- Қайсар
Біз ғана емес қадір тұтқан бабалар,
Аналардан туған небір даналар.
Ана деген тіршіліктің тірегі,
Армысыздар , қасиетті Аналар!
Жүргізуші: Ана дегеніміз өмірдің бастауы мен таусылмайтын жалғасы.Ана тіршілік көзі,үлкен тағдыр,махаббат пен шабыттың нәрі емес пе,балалар.Олай болса аналарымызға арналған әнімізді қабыл алыңыздар.
Ән : «Анашым» (Оянғанда түнде жұбатып ...)
(Балалар отырады).
Жүргізуші: Сайысымыздың бірінші бөлімін бастайық.
Баурап алар бірақ ауыз сәлемі,
Қазақ қызы әдепті де әдемі.
Қазақ қызы ақылына көркі сай,
Тұнып тұрған сұлулықтың әлемі.
Таныстыру. Әр қыз өзінің таныстыруларын айтады.
Балаларымыздың ағылшын тіліндегі өнерлеріне кезек берейік.
Жүргізуші: Сайысымыздың екінші бөліміне кезек берейік.Әр қатысушы қыздарымыз өздерінің жүрегінен жарып шыққан Ана туралы өлең жолдарын оқып берсін.
Қыздар өздерінің өлең жолдарын оқиды.
Жүргізуші: Әзілқой біздің жігіттер,
Ортаға шығып келеді.
«Қалай көмектессем деп»,
Әзіл ән айтып береді.
Ән : «Қалай көмектессем деп ...»
1 бала: Нурислам
Қалай көмектессем деп,
Ертелі-кеш ойладым.
Ыдыстарың сынар деп,
Қорқып,жуып қоймадым. Ұят бопты,неге жумадың?
2 бала: Ілияс
Қалай көмектессем деп,
Күндіз – түні ойладым.
Көтермейін шаңды деп,
Үй сыпырып қоймадым. Ұят бопты,неге сыпырмадың?
3 бала: Әліби
Қалай көмектессем деп,
Мен де қатты ойладым.
Ұлдың ісі емес деп,
Тамақ істеп қоймадым. Ұят бопты,неге тамақ пісірмедің?
Бәрі бірге:
Көтерсін деп көңілін,
Әзіл әнге саламыз.
Сыйладық деп қуаныш,
Өзіміз мәз боламыз.
Ойын : «Өз балаңды қолынан таны» ойыны.
Ұл балалардың аналарымен ойналады.
Жүргізуші: Сайысымыздың 3 – ші кезеңі «Өнерлі өрге жүзер».
Табаны жерге тимейді,
Біздің қыздар ғажап билейді.
Би сұлулық,әсемдік,
Сымбаттылық бұл дейді.
Мың бұралған аруларымыздың орындауында корей халқының әдемі бір биін тамашалаңыздар.
Би : Корей халқының биі «Омма». Корей тілінен аударғанда «Ана» биі.
Жүргізуші: Асқар тау биігіміз сенсің – әже,
Жүрегіңіз теңіздей кеңсің – әже.
Ұл – қызың армансыз болар еді,
Мәңгілік сен бізбен бірге жүрсең – әже.
Қымбатты біздің әжелеріміз!Мына ыстық лебіздер өздеріңізге арналады,қабыл алыңыздар!
- Марк
Жер бетінің ғұмыры,
Күн нұрымен арайлы.
Біздің үйдің жылуы,
Әжемізден тарайды.
- Яромир
Менің әжем,жыр әжем,
Шуағы мол,нұр әжем.
Әрқашан да күлімдем,
Аман – есен жүр әжем.
- Әліби
Асылдай әжелерім қартаймашы,
Таудан аққан бұлақтай сарқылмашы.
Өздеріңді мәңгілік аялаймыз,
Көк аспанда жұлдыздай жарқылдашы.
Жүргізуші: Мерекесін құттықтап әжелердің,
Ән жолдайтын әжелердің немерелері бар.
Олай болса,бүлдіршіндеріміздің орындауында әжелерге арналған кезекті әсем әнге берейік.
Ән : «Әжем менің әдемі»
Жүргізуші: Ал,балалар,балалар,
Ойналық та күлейік.
Кәне енді бұралып,
Би де билеп берейік.
Би : «Мексикандықтар биі»
Жүргізуші: Сайысымыздың төртінші бөлімінде «Дәм - думан» сайысы.Арулар қонақтарын қалай күтетінін,келген қонақтарға табақты қалай тарту ететінін көріңіздер.Және өздерінің анасымен дайындаған асын таныстырып,жасалу жолын айтып өтсін.
«Дәм -думан» сайысы.
Жүргізуші: Наурыз күні ана күні,әлем күні,
Әлемді тебірентер ана үні.
Анасыз жан туған жоқ жер бетінде,
Ұғып ал бөбектерім сендер мұны.
Тағы да балаларымыздың жыр жолдарына кезек берейік.
Тақпақтар:
- Тамир:
Сенен өскен балалар,
Батырлар мен даналар.
Құттықтаймыз мейраммен,
Қадірменді аналар!
- Ахмед
Мерекені қарсы алып,
Мәз болады барша жұрт.
Гүл ұсынып анама,
Бердім өзім ән салып.
- Али
Бәрімізге анасың,
Күндей болып жанасың.
Құттықтаймын мен бәрін,
Ақылы мол данашым.
- Рамазан
Әлпештеген,аялаған,
Ақ сүт берген апатайым.
Тақпақ айтып бүгін саған,
Мейрамыңмен құттықтаймын.
Жүргізуші: Бүгінгі көктем күнінде,
Барлық адам қуанар.
Аналарды әнменен,
Құттықтайды балалар.
Ән : «Көктем»
Жүргізуші: Ұлдардың биші аяғы,
Той дегенде тұра алмас.
Тойларында билеп берсе,
Қандай Ана қуанбас?
Кезекті ұлдарымыздың орындауындағы тамаша бір биге берсек деп отырмыз.
Би : «Испан биі»
Жүргізуші: Сайысымыздың бесінші кезеңі «Қыздарға әсемдік жарасады» деп аталады.
«Адам көркі - шүберек» , - деген екен,
Қазір де сән үлгілері керек екен.
Әр арудың өз бейнесі өзгеше,
Сыр шертеді талғамы бөлек елден ерек.-
деп сұлу қыздарымыздың ешкімге ұқсамайтын,өз қиялынан туындаған аяқ киім үлгілерін тамашалайық.
«Сән үлгісі,аяқ киім үлгісі» сайысы.
Жүргізуші: Игіліктен теріп маржан – жақұтты,
Ізгілікке арнаған бар уақытты.
Қиындықтан қаймықпаған ешқашан,
Барлық ана бола берсін бақытты.
Қымбатты әжелер,аналар,сүйкімді қыздар,балабақша ұжымы қызметкерлері мерекелеріңіз құтты болсын!Осы ән өздеріңізге арналады.
Ән : «Анам ,әжем» (Ана біздің күніміз ...)
Бәрі бірге: Бақыты үшін балаңның,
Аман-сау жүр,АҚ МАМАМ!
Жүргізуші: Құрметті ата – аналар,балабақша қызметкерлері осымен біздің «Қыз – өмірдің қызғалдағы» атты байқауымыз өз мәресіне жетті.Енді сөз кезегін әділқазылар алқасына берейік.
Әділқазылар алқасына сөз беру.
(мақтау қағаздарын беру).
Қымбатты біздің аруларымыз,аналарымыз сіздерге бүгінгі кешке ат салысқандарыңыз үшін алғысымызды айтамыз.Әрқашанда көктем күніндей жарқырай беріңіздер!Шаңырақтарыңыз шаттыққа толсын!
Келесі кездескенше қош сау болыңыздар!